2026 жылғы 28 қыркүйекте «Креативті экономика және құқық» мектебінің аға оқытушылары Кулажанова Аяжан Нүсіпжанқызы мен Усенбаева Асемгүл Ұзақбайқызының ұйымдастыруымен 1-курс «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған қонақ дәріс өтті.
Кездесуге Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкері, полиция майоры Исаев Балғын Тұрғанбайұлы арнайы шақырылып, студенттерге өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Дәріс барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — есірткі заттарын жасырын тарату («закладка»), сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңнамада көзделген жауапкершілік мәселелері талқыланды.


Студенттер тақырыпқа белсенді қызығушылық танытып, маманға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Полиция майоры Балғын Тұрғанбайұлы сұрақтарға нақты мысалдар келтіре отырып, жан-жақты жауап берді.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттерге теориялық білімдерін практикалық тәжірибемен ұштастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және болашақ мамандықтарының практикалық қырларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Дәріс соңында студенттер қонаққа мазмұнды кездесуі мен пайдалы ақпараттары үшін алғыстарын білдірді.






